top of page

«БІЗДІҢ СОРТТАР КӨП НӘРСЕГЕ ТӨТЕП БЕРЕДІ»

           

- дейді, Мақтаарал ауданы мәслихатының депутаты, «Кетебай» ӨК басшысы С. Бекенов мақта шаруашылығы ҒЗИ-да шығарылған отандық «Мақтаарал» мақта сорттары туралы. Оның пікірінше, фермерлер өз өнімдеріміздің, соның ішінде отандық мақта сорттарының да тиімділігін бағалаған. Сондықтан егіс жылдан жылға өсіп келеді. Осы сорттар шығарылған мақта шаруашылығы ҒЗИ бас директоры А. И. Үмбетаев биылғы жылы облыстық жалпы мақта көлемінің үштен екісі өндірілетін оңтүстігімізде «мақтаарал» сорттарының егістік алқабы 90 пайыздан асатынын хабарлады.

 

  — Мен шетелдік сорттармен эксперимент жүргізуді тоқтаттым, өйткені өзіміздің сорттарға жететіні жоқ деген қорытындыға келдім:

олар су тапшылығына, аязға, түрлі табиғи катаклизмдерге төтеп бере алады. Ғалымдар үнемі олардың сапасын жақсарту үшін жұмыс істейді, - дейді С. Бекенов.  - Біздің шаруашылығымыз расында да, осыдан бірнеше жыл бұрын қытайлық сортты шағын алқапта сынақтан өткізіп көрді. Шетелдік мақта сорттылығы мен өнімділігі белгілі бір дәрежеде қызығушылық тудырғаны рас. Иә, сөзсіз қызығушылық болды. Агроном ретінде шетелдік сорттар өнімділігіне дауым жоқ, бірақ бір килограмм тұқым бағасына келсек... Шығыны – шашетектен. «Кетебай» шаруашылығы отандық мақта сорттарын 900 гектардан астам алқапта өсірген кезде эксперимент жүргізуге қол жеткізе алды. Қытай тұқымының бір килограмы үшін отандық тұқымдарға салыстырғанда төрт есе көп баға ұсынылды. 

Кеңес кезеңі тұсында танымал болған «С-4727» мақта сортын өндірген «Кетебай» тұқым шаруашылығының тарихы тереңде. Шаруашылықта бірінші және екінші репродукциялық тұқымдар алынып, кеңшардың бесінші бөлімшесі (оның жерлерінде 90-шы жылдары өндірістік кооператив құрылды) кіретін «Красная Звезда» ұжымшары ғана емес, сонымен қатар ауданның кейбір ұжымшарлары мен кеңшарлары да егіс материалымен қамтамасыз етілді. Бұл – қазір де бірінші және екінші репродукциялық тұқымдар («Р-1» және «Р-2») өсіруге ауқымды алқаптар бөлінетін ірі тұқым шаруашылықтарының бірі. Ол элиталық тұқымдарды мақта шаруашылығы ҒЗИ-нан сатып алады. Институтта өткен жылғы мақта өнімінен 70 тонна элиталық тұқым дайындалып, ол келісімшарт бойынша Мақтарал және Жетісай аудандарының тұқым шаруашылықтарына жіберілді. Қазіргі уақытта «Кетебай» ӨК тұқым шаруашылығы жоғары «ақ алтын» өнімін беретін «Мақтарал-4011» отандық сортына толықтай көшті.

 

Биылғы егіс маусымына өндірістік кооператив тарапынан 250 тонна «Р-1» және 100 тонна «Р-2» тұқым дайындалды.

 

Биылғы маусымда отандық мақта тұқымының килограмы орташа 300 теңге болып отыр, бірақ «Кетебай» ӨК 280 теңгеден сатуды ұйғарып отыр.

- Мемлекет тұқым құнын 30 пайызға субсидиялайды, – дейді С.Бекенов. – Фермер бізден тұқым сапасын растайтын сертификат алады, егер төмен бағадағы тұқымдық материалдарды сатып алғысы келсе, онда тиісті құжаттамалары болмайды. Мұндайда пайда әкелетін өнімділік туралы айту былай тұрсын, шығыныңды да жаппайтын, тіпті, толыққанды өскіндер бермейтін техникалық тұқымдарға кез болуың әбден мүмкін.

– Жақында Мақтарал ауданы Достық ауылдық округінің Бескеттік ауылының фермері Тұрсынбай Бердалиевпен «Мақтаарал-4017» мақта сорты бойынша кездесу өткіздім, - дейді И. Үмбетаев. – Тұрсынбай – озық технологияларға ұмтылатын, ізденісте жүретін, өз тәжірибесі және бақылауларымен үнемі ғалымдармен бөлісуге асығатын ауыл тұрғындарының санатынан. Ол да тұқым тапшы жылдары шетелдік мақта сорттарын егуге мәжбүр болды. Мемлекеттік тұқым зауыты жекешеленгеннен кейін тұқым өндіру тұралады, ал «Р-2» өсіруге мемлекеттік қолдау болмағандықтан бірнеше тұқым шаруашылықтары өз қызметін тоқтатты, бұл егіс материалының тапшылығына әкеп соқтырды. Қазір жағдай дұрысталды, Тұрсынбай «Мақтаарал-4017» сортын егіп, гектарынан 40 центнерден өнім алып жатыр. Бірақ одан да көп алғысы келеді. Ол үшін ғылым мақта өсірушілерге барынша қолдау көрсетуі тиіс.

 

Фермерлер осы мақта сорты тұқымдарының өсу қуатын арттыруды ұсынды.

Бұл мәселе бойынша институт селекционерлері, оның ішінде бірнеше Мақтаарал сорттары авторларының бірі ретінде И.Үмбетаев та жұмыс істеді.

— Тәжірибе алқабында біз фермер қойған міндетті орындай алдық, енді сорт өндіріске жіберіледі, -  дейді И. Үмбетаев. Бұл маусымда қалай болатынын байқап көреміз. Біз ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен тығыз ынтымақтастыққа мүдделіміз. Бізбен бірге «Бахытжан» өндірістік кооперативі жұмыс істейді, ол бізден бір тонна элиталық тұқым сатып алып, 40 гектардан егіс материалын алды.

Ғалым биылғы маусымда отандық сорттар тұқымының тапшылығы болмауы тиіс деп топшылап отыр.

Сәуір айында Түркістан облысының басты дақылы – мақта егісі басталады. Наурыз айында алқапқа тракторлар шығып, жерді егіске дайындайды.

Егіс науқанының басталуына да аз уақыт қалды.

 

«Южный Казахстан» газетінің тілшісі Людмила Ковалева

№ 24(20.115) «Южный Казахстан» дүйсенбі, 25 ақпан 2019 жыл

vvjvj-768x493.jpg
bottom of page